27 наурызда «№10 орта мектебі» КММ—де Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы ұйымдастырған Орман олимпиадасы өтті.
Іс-шараға табиғатты, экологияны және қоршаған ортаны қорғауды зерттеуге қызығушылық танытқан сегіз мектептің оқушылары қатысты.
Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, туған өлкенің табиғи қорларына деген танымдық қызығушылығын арттыру, сондай-ақ орман экожүйелеріне ұқыпты қарауға тәрбиелеу.
Олимпиада барысында қатысушылар Батыс Алтайдың флорасы мен фаунасы, өңірдің экологиялық мәселелері туралы білімдерін көрсетіп, алған білімдерін тәжірибеде қолдана білетіндіктерін дәлелдеді.
Осындай іс-шаралар оқушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуға, дүниетанымын кеңейтуге және табиғи мұраны сақтауға деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Батыс Алтай қорығының қызметкерлеріне маңызды білім беру іс-шарасын ұйымдастырып, ынтымақтастық танытқандары үшін алғысымызды білдіреміз. Сондай-ақ барлық қатысушылар мен педагогтерге белсенділік танытып, экология мәселелеріне қызығушылық білдіргендері үшін ризашылығымызды білдіреміз.